14:05, 24 Қыркүйек 2021 | GMT +5
Петропавлда 25 қыркүйекте ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда ертең, 25 қыркүйекте облыстық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді, азық-түлік пен жем-азық нарықтағы бағадан 20 пайызға дейін арзанға сатылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, облыстық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі Петропавлдағы екі көше бойында ұйымдастырылады. Мағжан Жұмабаев көшесінде, Интернационалдан-Пионер көшелерінің аралығы, азық-түлік сатып алуға болады. Бұл күні ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жаймаға 100-ден астам өнім түрін шығаруды жоспарлаған. Олар: ет, ет өнімдері, сүт пен сүт өнімдері, жұмыртқа, балық пен балық өнімдері, көкөніс, макарон өнімдері мен бал.
Коронавирус індетіне байланысты 1,5 жылдай тоқтап, қайта ұйымдастырылған облыстық жәрмеңкеге өңірдің барлық аудандары, Петропавл кәсіпорындары өз тауарларын шығарады. Өнімдер нарықтағы бағадан 10-20 %-ға арзан болмақ. Әлеуметтік желіде сатушыларға ұсынылған бағалардың тізімі пайда болды.