Петропавлда 25 тұрғын үй және 12 мекеме-ұйымға су беру тоқтатылды

ауыз су
Фото: Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда тозығы жеткен коллектор қалпына келтіріліп жатыр. Осыған байланысты жөндеу жұмысы жүргізіліп жатқан ауданға уақытша су беру тоқтатылды. 

Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, Абай көшесінде орналасқан коллектор қаланың бірнеше ауданын қамтиды. Тозығы жеткендіктен, қазіргі уақытта ауыстырылып жатыр. 1,1 км жаңадан құбыр салынуы керек болса, соның 130 метрі тартылды. Ертең тағы 500 метрі салынбақ.

«Қазіргі уақытта Жұмабаев көшесінде қозғалыс қалпына келді. Ертең Н.Назарбаев көшесінде жұмыс аяқталып, көше ашылады. 
Жөндеу жұмыстары кезінде үйлердің жертөлелері суға толмау үшін бүгін көп қабатты 25 тұрғын үй және 12 ұйым-мекеме судан ажыратылды. Сумен қамту 24 сәуір күні кешке қарай қалпына келеді», - делінген әкімдік таратқан ақпаратта.

Сусыз қалған мекемелердің ішінде үш мектеп, балабақша, сауда орталықтары, базар да бар. Бұл күндері мекен жайларға су жеткізіліп берілетін болады.

«Қызылжар су» ЖШС-нің мәліметінше, 30 наурызда Абай көшесі бойында Алтынсарин көшесімен қиылысында кәріз коллекторы зақымданды. 
Апатты жағдайды жою үшін Петропавл қаласы әкімінің шешімімен 4 сәуірден бастап жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды, оның аясында Тоқсан би көшесінен Назарбаев көшесіне дейін ұзындығы шамамен 1,1 км учаскеге Д-700мм құбыр төселіп жатыр.

1966 жылы пайдалануға берілген бұл коллектор Петропавлдың Пушкин көшесінен Б.Баян көшесіне дейінгі қаланың орталық бөлігін, сондай-ақ вокзал маңы мен Жұмысшы кентінің ағын суларын қабылдайды.

Коллектордың жалпы ұзындығы – 2600 метр, диаметрі – 800 мм болатын темірбетон құбыр пайдаланылған. Бүгінде ол 100% тозған. 

Соңғы жаңалықтар