Петропавлда 25 жыл жазасын өтеген қылмыскер әйелге шабуыл жасап, тағы 9 жылға сотталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда он шақты адамды өлтіріп, сол үшін 25 жыл жазасын өтеген рецидивист екі жыл өтпей қайта әйелге шабуыл жасаған.
Оқиға биыл 19 маусымда Петропавл маңында болған еді. Сол күні Кричиневский жолда велосипедпен келе жатқан бейтаныс әйелді байқап, оны тоқтатқан.
Петропавл қалалық сотының мәліметінше, сотталушы әйелге жоғалған сиырын іздеп жүргенін айтқан. Кейін оны мойнынан қылғындырып, жерге құлатқан. Сондай-ақ пышақ көрсетіп, өлтіремін деп қорқытқан және орманға бірге баруды талап еткен.
Алайда қылмыскерге ойын жүзеге асыруға жолда келе жатқан бөгде ер адам кедергі келтірген. Көріп қалмасын деп қылмыстық әрекетін тоқтатқан кезде жәбірленуші осы сәтті пайдаланып, оқиға орнынан қашқан.
Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлардың жауаптарымен және жазбаша дәлелдемелермен расталды.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бірақ ер адам өз кінәсін мойындамады. Ал оның қорғаушысы сотталушының әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жоқ екенін айтып, оны ақтауды сұрады.
ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы 2-бөлігі бойынша мұндай қылмыс үшін 9 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Нәтижесінде сот қылмыскерді 9 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің барынша жоғары қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Сотталған Валерий Кричиневский бұған дейін аса ауыр қылмыстар: қарақшылық, өлтіру қатерін төндіре отырып, ерекше қатыгездікпен зорлау, сексуалдық зорлық-зомбылық әрекетті кәмелетке толмаған балаға қатысты жасағаны үшін сотталған. Ол 1999 жылғы 28 желтоқсанда Солтүстік Қазақстан облыстық сотының үкімімен бірнеше ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылған. Жазасын толық өтеген ер адам 2024 жылғы 12 қаңтарда № 51 мекемесінен босатылған. Кейін Айыртау аудандық сотының 2023 жылғы 27 қарашадағы қаулысына сәйкес оған соттылығы жойылғанға дейін 8 жыл мерзімге әкімшілік қадағалау белгіленген. Бірақ бостандықтағы өмірі ұзаққа созылмады.