Петропавлда 3,2 млрд теңгеге үстел теннисі орталығы салынып жатыр

Петропавл
Фото: Орал Әміренов

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда тамыз айында жаңадан салынған үстел теннисі орталығы пайдалануға берілмек. Жұмысты жоспарға сай аяқтау үшін бүгін құрылыс алаңына 50 маман, 10 техника тартылған. 

Спорт нысанының құрылысы биыл ақпан айында басталды. Қазіргі уақытта мұнда сырты қапталып, инженерлік желілері салынып, ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Үстел теннисі орталығының жалпы аумағы 3,6 мың шаршы метр болады. Екі қабатты ғимарат 90 адамның ойнауына шақталған. Спорттық нысанның ішіне барлығы 24 теннис үстелі қойылмақ.

Петропавл
Фото: Орал Әміренов

Құрылысты «Мирас Group» ЖШС жүргізіп жатыр. Ал, қолданылып жатқан материалдардың барлығы – отандық өнім. 

«Үстел теннисі орталығын салуға шамамен 3,2 млрд теңге бөлінген. Біз газоблок материалын қолдандық. Ол Петропавлда жасалған. Ал, ғимараттың темір қаңқасы, профлист Теміртау қаласынан әкелінген. Жылу ұстағыш материал Макинск қаласынан жеткізілді», - дейді құрылыс нысанының басшысы Фархат Сейпилов. 

Петропавл
Фото: Орал Әміренов

Үстел теннисі орталығы жоспар бойынша 1 тамызда берілуі тиіс. 

Бұған дейін СҚО-да тасқыннан зақымданған 700 үйдің жөнделіп жатқанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар
telegram