Петропавлда 6 саябақтың құрылысы жүріп жатыр
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда жаңа саябақтардың құрылысы жүріп жатыр. «Береке» ықшамауданындағы гүл бағының дизайнын жасауға астаналық сәулетші Мұстафа Көк тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Саябақтардың ең ауқымдысы жаңадан салынған «Береке» ықшамауданында бой көтереді. Аумағы 2,5 га созылмақшы. Бұрын қоқыс шашылып, арам шөп өскен аумақта қазір құрылыс қызған. Батпақты құрғатып, жерді көтеру үшін ғана екі ай мерзім, 60 мың тонна топырақ кеткен. Жоспар бойынша саябақ гүлге бөленіп, тіпті амфитеатр да салынбақ.
«Менің жобам бойынша саябақтағы амфитеатрдың айналасында субұрқақтар болады. Жүгіру жолақтарын да ұмытқанымыз жоқ. Мұндай саябақтар негізінен Еуропада кездеседі. Сол парктермен тең дәрежеде жасалынады. Өзіндік бір көркем архитектуралық-эстетикалық келбетке ие болады. Жалпы, мен сәулет өнерінің осы саласына келгеніме 5 жылдан асты. Осы аралықта көптеген ерекше жобаларды жасадым», - дейді жобаның авторы Мұстафа Көк.
Астаналық сәулетші жобаны жасауға екі айын сарп етті. Нәтижесінде бұл заманауи бақ тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналмақ.
«Құрылысқа 25 адам және 6 техника жұмылдырылды. Бір-екі күннің ішінде электр сымын тартамыз. Содан соң көгалдандыру жұмыстары қолға алынады. Шағын архитектуралық нысандар да қойылады. Жалпы біз «Береке» ықшамауданынан бөлек тағы екі жерде саябақ салып жатырмыз», - дейді мердігер компания өкілі Асылбек Бағанов.
«Береке» ықшамауданындағы саябақ қазан айында салтанатты ашылмақ. Жалпы Петропавлда биыл жаңадан осындай тағы 5 демалыс орны ашылады деп жоспарланған.

