Петропавлда 7 мұз қалашығы салынып жатыр - фоторепортаж

Петропавлда Жаңа жыл мерекесіне орай көшелерді безендіру жұмыстары жүріп жатыр. Биыл да бұл мақсатқа бюджеттен бір тиын жұмсалмайды, деп хабарлайды Kazinform.

Петропавл
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform
Петропавл
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Петропавл тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатындағы безендіру жұмыстарының қазір нағыз қызған шағы. Биыл облыс орталығында жеті мұз қалашығы салынып жатыр. Бұл – былтырғыдан екеуге көп.

Петропавл
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Бас алаңда төрт бригада жұмыс істеп жатыр. Бірі сырғанақты құрса, енді бірі мұз кірпіштен қабырға көтеруді қолға алған. Мүсінші Ертуған Шаймағанбетов Астана қаласынан келіпті. Петропавлда төртінші жыл қатарынан жұмыс істеп жатыр. Оның бригадасы мұздан жасалатын нысандарға жауапты. Үш күн бұрын іске кіріскен 20 адам бірер күнде өздеріне жүктелген міндетті орындап, тапсырмақ.

«Астана қаласындағы үлкен мұз қалашықтарын құрып жүрміз. Соның бірі – Қазақстан спорт кешенінің жанында орналасты. Қазір бекітілген дизайн бойынша бас алаңдағы мұз қалашығына кіреберісті қалап жатырмыз», - дейді Ертуған Шаймағанбетов.

Петропавл
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform
Петропавл
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Биыл мұз қалашығының құрылысында аздаған қиындық бар. Мамандардың айтуынша, мұз ерекше құрылыс материалы болғандықтан, екінің бірі онымен жұмыс істегісі келмейді. Мәселен, бүгін Петропавлда ауа температурасы +1 градусты көрсетіп тұр. Салдарынан мұз кірпіштер жабыспай жатыр.

«Екінші мәселе, күн жылынған сайын мұз сынғыш келеді. Қатты аяз да жарамайды, мұндайда адамдарға жұмыс істеу оңай емес. Бізге қолайлы температура -20 градустың маңайы. Қазір күннің жылы болуына байланысты жұмысымыз саябырсып қалды», - дейді суретші-мүсінші Ғалымжан Балтаев.

Петропавл
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Бұл салада 20 жылдан артық жүрген Ғалымжан Балтаевтың айтуынша, елімізде осы мұз қалашықтарын салуда ұлттық болмысымызға тән белгілі бір дизайнды қолданатын уақыт жетті.

«Тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін соны айшықтап тұратын, барлық халыққа белгілі болатындай ұлттық жоба жасау керек. Бұл мереке бізге Еуропа, Ресейден келгендіктен, көбіне солардың реңкін қолданамыз. Ол үшін мүсіншілер арасында байқау жарияласа, үздіктерін таңдап, соны қолдансақ. Қытайларды алсақ, олар өздерінің айдаһарын үнемі қолданады. Бізде өз ерекшелігімізді айшықтайтын осындай кейіпкер жоқ, болса да ұмыт қалып жатады», - дейді ол.

шырша
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Ал мынау 30 метрлік шыршаның түбі. Диаметрі – 12 метр. Қазір жұмысшылар оның қаңқасын орнатып жатыр. Кейін ең негізгі жұмыс – безендіруге кіріседі.

«Біз де Астанадан келдік. Шыршаны төртінші күн құрып жатырмыз. Өткен жылғы шырша безендіруінен аздаған өзгеріс болады. Ойыншықтары дайын. Бұдан басқа Петропавл қаласы бойынша 4 шырша құрамыз. Олардың биіктігі 17-18 метр болады», - дейді монтаждау бригадасының бригадирі Жангелді Ілиясов.

Петропавл қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, мейрамның басты белгісі – шырша бас алаңға, орталық алаңға, Пестрое көлінің жанына, Жеңіс саябағына, сапаржай, «Береке» шағын аудандарына, Н. Назарбаев және Г. Жуков көшелерінің қиылысы жанындағы алаңға орнатылады. Сондай-ақ балалардың қысқы демалысты қызықты өткізуі үшін биік сырғанақтар, лабиринттер салынып, мұз мүсіндер, шағын сәулет нысандары орнатылады.

Петропавл
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform
мұз
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform
мұз
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Ал басты шыршаның шамдары жоспар бойынша бірер күнде салтанатты түрде жағылмақ.