Петропавлда альпинистік құралдардың көмегімен 4-ші қабаттан секірмек болған адам құтқарылды
Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 2 наурыз күні кешқұрым болды. Ведомствоның жедел кезекшісіне хабарласқандар Петропавлдағы Береке ықшамауданындағы көп қабатты үйлердің бірінің 4-ші қабатынан ер адамның секірмек ниетте екендігін айтқан.
Жедел-құтқару отряды келгенде жігіт 4-қабаттағы пәтердің терезе жақтауында отырған. Құтқарушылар, полицейлер және тұрғындар құтқару кенебін жайып, астында тұрды.
«Ол жат қылық көрсетті, бетімен сөйлеп, терезеден секіремін деп қорқытты. Біресе жақтауға мінді, қайта түсті. Төменгі пәтерде және жерде тұрған полицейлердің сөзіне құлақ аспады. Сондықтан жылдам қимылдау қажеттігін түсіндім. Альпинистік жабдықты алып, бесінші қабатқа көтерілдік. Пәтер иелері түсіністік танытып, бізді кіргізді.
Фото: СҚО ТЖД баспасөз қызметі
Менің алдымда бесінші қабаттың терезесінен төртінші қабатқа түсіп, ыңғайлы сәтте терезедегі жігітті жылдам ішке итеріп кіргізу міндеті тұрды. Ойым жүзеге асып, ішке құлаған жігітті полицейлер ұстап қалды», - дейді құтқарушы Айбол Отарбаев.
Айбол Отарбаев жедел-құтқару отрядында 8 жылдан бері жұмыс істейді. Осы аралықта ол көптеген құтқару операциясына қатысты. Көктемгі су тасқынында тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарды, жол-көлік апаты кезінде қысылып қалған адамдарды, альпинистік жабдықты қолданып, үйде жалғыз қалып қойған балаларды құтқарды.
«Күнделікті жаттығулар арқылы тәжірибемізді ұштап отырамыз. Жалпы құтқару – командалық жұмыс, мұнда топтағы әр маманның еңбегі өлшеусіз», - дейді Айбол Отарбаев.