Петропавлда Алау эстафетасына дайындық аясында сынақ жаттығуы өтті
ПЕТРОПАВЛ. 14 қаңтар. ҚазАқпарат /Сергей Кузнецов/ - VII қысқы Азиялық ойындардың ашылуына 16 күн қалды. Азиаданың Алау эстафетасы да басталып кетті,
эстафета Солтүстік Қазақстан облысының аумағымен 20-21 қаңтар күндері өтеді. Осынау шара кезінде қандай да техникалық кемшіліктерге жол берілмес үшін, бүгін Петропавлда Алау эстафетасының сынақ жаттығуы өткізіліп, шараға жұмылдырылған барлық қызметтердің дайындықтары тексерілді.
Алаугерлерге нұсқаулар берілді. Олардың қатарында бокстан спорт шебері, Әлем кубогының күміс жүлдегері, КСРО Спартакиадасының чемпионы Камиль Сафин, екі Олимпиада ойындарының қатысушысы, Азия чемпионы, Қазақстанның 17 дүркін чемпионы, жеңіл атлет Елена Парфенова, халықаралық санаттағы спорт шебері, кикбокстан әлем чемпионы Самат Қадырбеков, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, кір тасын көтеруден әлем чемпионы Виталий Диденко сынды танымал солтүстікқазақстандық спортшылар бар.
Петропавлда Алау эстафетасы 21 қаңтар күні Абылай хан резиденциясынан басталып, Н.Погодин атындағы облыстық орыс театрының алдындағы алаңда сөреге жетеді.