Петропавлда алаяқ қыз бөтен адамдардың атынан несие алған
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда бірнеше адам алаяқ қыздың арбауына түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, 23 жастағы бойжеткен өзін желілік маркетинг принципі бойынша жұмыс істейтін шетелдік компанияның өкілі ретінде таныстырған. Клиенттердің сеніміне кіріп, компанияның ынтымақтастық бағдарламасына қатыстыру үшін олардың жеке куәліктерін алған. Сөйтіп жәбірленушілердің жеке мәліметтерін пайдаланып, олардың атынан интернет-банкинг арқылы несие рәсімдеген.
«Тергеу барысында күдіктінің 19 алаяқтық дерегіне қатысы бары анықталды. Келтірілген залалдың сомасы 1 миллион теңгеден асады. Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, іс «Алаяқтық» бабымен сотқа берілді. Осы баптың санкциясы бойынша күдікті 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айрылуы мүмкін», - дейді ІІД баспасөз қызметінің өкілдері.
СҚО ІІД қылмыстық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Пётр Климов бөтен адамдарға ешқашан жеке құжаттарды беруге болмайтынын ескертеді.
ІІД өкілдерінің айтуынша, жыл басынан бері облыста 266 алаяқтық дерегі тіркелген.