Петропавлда алғаш рет полиция фронт-кеңсесі ашылды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда Солтүстік Қазақстан облысындағы алғашқы полиция бөлімінің фронт-кеңсесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, енді ПБ кеңсесінің бірінші қабатында, үлкен холлда келушілерді бөлімше қызметкерлері қарсы алады. Темір торлы есіктер мен қатаң өткізу режимінің орнына қала тұрғындарын мамандар қарсы алып, сол жерде кеңестер беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
«Аумағы 62 шаршы метрді құрайтын қызметтік орын заманауи талаптарға сай және қажетті компьютерлік жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Фронт-кеңсе ғимаратына төлем жүргізу терминалы, Е-gov электрондық үкіметінің бағдарламасы бар терминал орнатылған. Аудиотаспа қызметі бар видеобақылау жүйесімен қамтылған», - деді баспасөз қызметінен.
Полиция департаментінің бастығы Берік Біләлов атап өткендей, бұл жұмыстың басты мақсаты - полиция қызметінің ашықтығы мен айқындығын көрсету, қала тұрғындарын қабылдау үшін ыңғайлы жағдай жасау.
Күн сайын Петропавл полиция бөліміне 100-ден астам қала тұрғыны түрлі мәселемен келеді. Мұнда петропавлдықтар жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылықтар бойынша шағымдар жазады.


