Петропавлда апаттық баспананың орнына екі көпқабатты тұрғын үй салынады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда қала әкімі Марат Тасмағамбетовтің тұрғындар алдындағы бірінші есептік кездесуі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда апаттық баспананың орнына екі көпқабатты тұрғын үй салынады

Апаттық үйлерде тұратындар үшін бұл есепте төрт үйдің құлатылатыны туралы ақпарат өте маңызды болды.

«Былтыр Ескірген және апаттық үйлерді бұзу бағдарламасы аясында «К. Сүтішев, 38», «Орал, 3» және «Орал, 4» мекенжайларындағы үш үй бұзылды. Биыл осы «Первомайский, 2» мекенжайында орналасқан 4 апаттық үйді құлату жоспарланып отыр. Оның орнына екі 93 пәтерлі үй бой көтереді», - деді М.Тасмағанбетов.

Былтыр «Орал, 3» және «Орал, 4» мекенжайындағы үйлердің қабырғасы қирап, соған байланысты жоспардан тыс құлатылған еді. Сол кезде Петропавлда 19 апаттық үй болған.

Бұдан бөлек, «Жас Өркен» шағын ауданында ескі баспаналар қиратылып, жерді тегістеп жатыр. Оның орнына жаңа көпқабатты үйлер салынады. Қала әкімнің айтуынша, мұнда тұрғын үй кешені мен екі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталып кеткен. Биыл қолданысқа беруге уәде етті.

«Бұдан бұрын қаланың осы бөлігінде жеке ескі үйлер орналасқан еді. Облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 635 үй бұзылды. Олардың барлығы 40-50-жылдары салынған екен. 2500 пәтерлі 10 тұрғын үй салу жоспарда бар. Сондай-ақ, осы жерде мектеп және қазақ драма театрының құрылысы басталып кетті», - деп атап өтті М.Тасмағанбетов.