Петропавлда Аризона университетінің оқу бағдарламасы іске қосылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті негізінде АҚШ-тың Аризона университетінің қос диплом бойынша жаңа оқу бағдарламасы іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда Аризона университетінің оқу бағдарламасы іске қосылды

Салтанатты іс-шараға ҚР Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, АҚШ Елшілігінің өкілдері және Аризона университетінің серіктестері, қызметкерлер мен студенттер және олардың ата-аналары қатысты.

«Аризона университетімен бірге қос дипломдық оқу бағдарламасын енгізу жергілікті жоғары оқу орнының жалпы дамуына зор үлес қосатыны сөзсіз. Қазірдің өзінде 170 студентті қабылдадық. Олар еліміздің түкпір-түкпірінен келіп отыр. Болашақта мемлекеттік грант санын 500-ге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл біздің экономикамыз үшін қажет кадрлық резерв болмақ», - дейді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Қос дипломдық оқыту үш тілде - ағылшын, қазақ және орыс тілдерінде жүзеге асады. Жастар IT, инженерия, агротехнология білім бағыттары бойынша мамандық алып, Қозыбаев университеті мен Аризона университетінің дипломдарына ие болады.

«Бұл жоба Қазақстан үшін, өңір үшін, Президент үшін өте маңызды жоба. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда 2025 жылға дейін 5 шетелдік мықты жоғары оқу орындарының филиалдары ашылады. 2 қыркүйекте біз Атыраудағы Сафи Өтебаев атындағы мұнай және газ университетінің негізінде Ресейдің Губкин атындағы мұнай және газ университетінің филиалын аштық. Бүгін Петропавлда, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде Аризона университетінің филиалын ашамыз. 12 қыркүйекте Әл-Фараби атындағы қазақ-ұлттық университетінің негізінде МИФИ – Мәскеу инженерлік-физикалық институтының филиалы ашылмақ. Келесі жылы Нұр-Сұлтан қаласында Мичиган университетінің педагогикалық арнайы институты ашылмақ.

Бұл жобалар неліктен маңызды және неліктен табысты болады? Біріншіден Президентіміздің назарында тұр. Толық ресурс жағынан да, инфрақұрылым, грант жағынан да мәселе болмайды. Ғылымға, жоғары білімге назар аударылады, оған жаңа министрліктің ашылуы дәлел. Екіншіден жас, мықты, шетелде оқыған білімді мамандарды жоғары білім саласына шақырып, кадрларды алмастырып жатырмыз. Бұл командаға біз толық сенеміз, қолдаймыз. Үшіншіден ғылымға Президенттің тапсырмасымен арнайы бюджет бөлініп, жоғары оқу орындарының негізіндегі ғылым дамытылмақ», - дейді Саясат Нұрбек.

Министрдің айтуынша, Аризона университеті соңғы 5 жыл бойы әлемнің үздік университеттерінің қатарында келеді. Ол жерде 4700 ұстаз сабақ береді. Оның бесеуі – Нобель сыйлығының лауреаты, жетеуі – Пулитцеров сыйлығының иегері. Сондықтан қазақ жастары ең үздік деген ұстаздармен байланыста болып, білім алмақ.