Петропавлда арнаулы әскери жиынға 39 адам шақырылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Президенттің әскери міндеттілерді арнаулы жиынға шақыру туралы Жарлығына орай Петропавлда 39 адам қызметтік борышын өтеуге кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арнаулы әскери жиынға қабылданғандардың басым бөлігі – Отанға қызмет ету үшін жергілікті әскери комиссариатқа өз еркімен келгендер. СҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің мәліметінше, өңірдің әскери міндетті 50 шақты азаматынан өтініш түскен. Ниет білдіргендердің ең алдымен денсаулығына баса назар аударылды.

«Денсаулығынан бөлек жас шамасы да ескерілді. Отбасылық жағдайына да қарадық. Үш және одан да көп баласы барларды жиыннан босаттық. Негізгі жұмысында қанша еңбекақы алса, сонша төленетін болады. Ал егер жұмыс істемесе немесе карантиннің жариялануына байланысты жұмысынан шығып қалса онда 42 мың 500 теңге еңбекақы алады», - дейді СҚО Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы Талғат Әліқұлов.

Петропавлдан арнайы әскери жиынға 39 адам қабылданды. Олардың жастары 22 мен 44 аралығында. Әскери қызметшілер Петропавл көшелерін, қоғамдық орындарды зарарсыздандыратын болады.

«Әзірше 20 күнге шақырылды. Барлығы Петропавл қаласының тұрғындары. Таңғы сағат 9.00-ден кешкі 18.00 дейін жұмыс істейді. Бүгін таңертең оларды қажетті киім-кешекпен қамтыдық. Сондай-ақ коронавирус инфекциясына тексеріп тест алдық. Қолға алынған іс-шара еліміздің тезірек қалыпты өмірге оралуы үшін, халқымыздың денсаулығы үшін жасалып жатыр», - дейді СҚО әкімінің қауіпсіздік және қорғаныс әскери қызмет жөніндегі көмекшісі Дәулет Толыбай.

Естеріңізде болса, бұған дейін Жамбыл облысынан арнайы келген 50 әскери қызметшінің Петропавл көшелерін дезинфекциялап жатқанын айтқан едік.




Соңғы жаңалықтар