Петропавлда әріптесін абайсызда атып өлтірген әскери қызметші екі жылға сотталды

атыс
Фото: Pixabay

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда Ұлттық ұланның 6637 әскери бөлімінің «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің әскери қызметшісін абайсызда атып өлтірген айыпталушыға сот үкімі шықты.

Қылмыстық істі Ақмола гарнизонының әскери соты қарады. 

ҚР Әскери соты баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР Ұлттық ұланының «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің Е. есімді әскери қызметшісіне қарумен жұмыс істеу ережелерін бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған факті бойынша айып тағылды. 

Сотталушы Е. басқа әскери қызметшілермен бірге Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлеріне жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге көмектесу үшін механик-жүргізуші, сержант Чужиков басқарған қызметтік автокөлікпен келген.

Кейін алға қойылған міндеттерді орындау үшін ҰҚК өкілдерін күткен кезде Е. қызметтік автокөліктің артқы жолаушылар орындығында отырып, абайсызда, қаруды қолдану ережелерін елемей, жүргізушіге кездейсоқ екі рет қарудан оқ атқан.

Салдарынан Чужиков ауыр жарақат алып, кейін ауруханада қайтыс болды. 

Сот үкімімен әскери қызметші Е. кінәлі деп танылып, оған 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қолданылды. 

Сондай-ақ жәбірленуші өкілдерінің пайдасына 6 млн теңге моральдық зиян өтемақысы өндірілді.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Естеріңізге салайық, оқиға былтыр 12 қараша күні Петропавлда болды. 6637 әскери бөлімнің келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметшісі, сержант Чужиков әріптесінің абайсызда оқ атуынан ауыр жараланып, қайтыс болған еді.  

Соңғы жаңалықтар
telegram