Петропавлда Әскери институттың есепшісі 28 млн теңгені қалтасына басқан

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы Әскери институттың қызметкері ұзақ уақыт бойы мемлекеттің қаржысын талан-таражға салып, салдарынан 27,8 млн теңге шығын келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда Әскери институттың есепшісі 28 млн теңгені қалтасына басқан

Бұл туралы СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жетекшісінің орынбасары Сергей Потанин «Antıkor ortalyǵy» алаңында мәлім етті.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ҚР Ұлттық ұланы Әскери институты есепшісі қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен қылмыстық істі тергеді.

«Күдікті ұзақ уақыт бойы Әскери институттың қаржы бөлімшелерінде қызмет еткен. Ол офицерлік құрамның, келісімшарт бойынша жұмыс істейтін әскери қызметшілердің және әскери институттың азаматтық қызметшілерінің бос лауазымдары есебінен ай сайын бюджет қаражатының үнемделуі қалыптасатынын біледі. Бұл қаражатты өз пайдасына жарату үшін күдікті әскери институттың әскери және азаматтық қызметшілерінің дербес деректерін өзінің, жұбайының, сондай-ақ осы институтта әскери қызметте тұрған достары мен таныстарыныкіне ауыстырып, үнемдеуден түскен қаражатты оларға аударған», - деді Сергей Потанин.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство хабарлағандай, күдікті 2014 жылдың шілде айынан бастап 2019 жылдың мамыр айына дейінгі мерзімде әзірленген схема бойынша Әскери институт арқылы мемлекетке аса ірі көлемде - 27,8 млн теңге шығын келтірді. Заңсыз аударылған ақшаны ол өз қажетіне жұмсап келген. Бүгінде іс сотта қаралып жатыр.

Бұдан басқа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет осы құқық бұзушылыққа жол берген Әскери институттың кінәлі тұлғаларын өз лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны және тиісті ведомстволық бақылауды жасамағаны үшін қатаң тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс берді.