Петропавлда әскери қызметшілер екі адамды өрттен құтқарып қалды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда көшеде кезекшілік етіп жүрген әскери қызметшілер өртенген үйден екі адамды алып шығып, олардың өмірлерін құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда әскери қызметшілер екі адамды өрттен құтқарып қалды

Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 14 наурыз күні 6637 әскери бөлімінің қызметкерлері көшеде патрульдік қызмет атқарып жүріп, түнгі сағат 22.00 шамасында Ульянов көшесі, 19/1 мекен жайында орналасқан екі пәтерлік баспананың өртеніп жатқанын көрген. Сарбаздардың біреуі телефон арқылы бірден өрт сөндіру қызметі мен полицияға хабар берген.

«Әскери қызметшілер – 6 адам мамандардың келуін күтпей өртеніп жатқан үйге кіріп, ес-түссіз жатқан екі адамды: 1966 жылы туған ер адамды және 1956 жылғы әйел адамды алып шыққан. Сондай-ақ алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Қазір екі адамның да жағдайы жақсы», - дейді СҚО ТЖД бастығының орынбасары Орал Әбдірахманов.

Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер баспанадан бір газ баллонын шығарды. Өрттен ауданы 60 шаршы метр болатын баспана толық жанып кетті. Ал сағат 23.16-да жалын толық сөндірілді. Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына отты ұқыпсыз пайдалану себеп болған.

Қазіргі уақытта СҚО ТЖД екі адамның өмірін құтқарып қалған 6637 әскери бөлімінің қызметкерлерін марапаттау жөнінде құжаттарды әзірлеп жатыр.