Петропавлда ауада күкіртсутек мөлшері нормадан 23 есе асып кетті

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавл тұрғындары бұған дейін бірнеше рет уәде етілгенімен қолқаны қабатын жаман иістен құтыла алмай отыр.

Петропавл
Фото: Севказэнерго АҚ

Көктем шығып, күн жылынысымен Петропавлда кей күндері далаға шығып, демалып болмайды. Ауаға тараған күкіртсутектен әсіресе аллергиясы, тыныс алу мүшелерінде кінәраты барлар зардап шегеді. 

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экология департаменті осы мәселеге қатысты сұрауымызға жауап берді. 

— Облыс орталығында күкіртсутектің негізгі көзі — «Қызылжар су» ЖШС балансында тұрған және Петропавл кәріз-тазарту құрылыстарының құрамына кіретін «Биопруд» сарқынды суды жинақтаушы тоған. Көктемде тоғанның мұзы еріп, беті ашылғанда, түбіндегі шөгінділердің табиғи ыдырау процесінде булануға байланысты күкіртсутектің ауаға таралуы артады. Ал жел бағыты өзгерген жағдайда оның иісі қалаға келеді, — дейді департамент басшысы Талғат Сәбиев. 

«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының қоршаған ортаның жай-күйі туралы ақпараттық бюллетені деректерін негізге алған экологтар осы жылдың бірінші тоқсанында Петропавлда күкіртсутектің шекті рұқсат етілген концентрациядан 634 рет асып кету дерегін тіркеген.

Ал сәуір айында қала аумағында күкіртсутек бойынша атмосфералық ауаның жоғары ластануының 2 жағдайы анықталған.

Біріншісінде рұқсат етілген нормадан 10,4, екіншісінде 23,7 есе асқаны тіркелді. 

— Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген қалалық және ауылдық елді мекендердегі, өнеркәсіптік ұйымдардың аумақтарындағы атмосфералық ауаға арналған гигиеналық нормативтерге сәйкес ауадағы күкіртті сутектің шекті рұқсат етілген концентрациясы 0,008 мг/м3 аспауы тиіс. Атмосфераның күкіртсутегімен ластануына тұрақты мониторинг жасау үшін департамент ай сайын және қолайсыз метеорологиялық жағдайды болжау күндері «Қызылжар су» ЖШС кәріз-тазарту құрылысының санитарлық-қорғау аймағының шекарасында, сондай-ақ күкіртсутектің нақты концентрациясын белгілеу мақсатында «Биопруд» сарқынды су жинақтағышының жанында атмосфералық ауаны аспаппен өлшейді, — дейді Талғат Сәбиев. 

В Усть-Каменогорске уже в этом году установят 25 новых постов мониторинга воздуха
Фото: Нелли Нигматуллина/Kazinform

Сонымен қатар, департаменттің бастамасы бойынша атмосфералық ауаның күкіртті сутегімен ластану проблемасы СҚО-ның 2020-2025 жылдарға арналған экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі Жол картасына енді.

Ол бойынша Петропавл қаласында кәріз тазарту құрылыстарының қолданыстағы технологиялық схемасын жаңғыртуды аяқтау жоспарланған. 

— Ағынды суға тиісті биологиялық тазартуды енгізгеннен кейін, сондай-ақ «Биопруд» тоған-жинағышы түбін шөгінділерден тазартқаннан кейін қала аумағына күкіртсутек иісінің таралу қаупі айтарлықтай азаяды, — дейді департамент басшысы. 

2021 жылы Петропавлда жағымсыз иіспен күресу үшін биотоғанға 4 мың тонна балдыр салынды. Жоба үш жылға шақталып, нәтижесінде облыс орталығы хлорелла балдырларының көмегімен күкіртсутек иісінен құтылуы тиіс болатын.

«Қызылжар Су» ЖШС бұл мақсатқа арнайы қаржы да бөлді. Алайда, нәтиже әлі жоқ.

— 2021 жылдан бастап «Қызылжар су» ЖШС «Судың ғылыми-технологиялық орталығы» ЖШС-мен бірлесіп, «Биопруд» жинақтағышынан бөлінетін күкіртсутек концентрациясын төмендету үшін хлорелланы қолдана отырып, биологиялық тазарту технологиясын енгізді. Хлорелланы қажетті концентрацияда өсіру және тоғанға құю тұрақты негізде жүргізіледі. Бұл балдыр зиянды заттарды сіңіреді, өңдеп, оттегін бөледі. Хлорелла күкіртті сутегі мен көмірқышқыл газының бөлінуімен анаэробты процестердің ағынын «блоктайды». Кәсіпорынның экологы тоқсан сайын «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК СҚО бойынша филиалымен бірге «Биопруд» ауасына 4 орында күкіртсутек концентрациясын өлшеп, мониторинг жүргізеді. Асып кету жағдайлары анықталған жоқ, — деп жауап берді кәсіпорынның баспасөз қызметі.

Естеріңізге салайық, бұған дейін Қазақстандағы ең лас қалалар жайында айтқан едік.  

Соңғы жаңалықтар