СҚО-да ауадағы жағымсыз иіспен күреске 124 млн теңге жұмсалмақ

Петропавл маңындағы биотоғаннан тараған күкіртсутек бірнеше жылдан бері тұрғындардың мазасын алып келеді. Күн жылына сала жағымсыз иіс қалаға жайылады.
Солтүстік Қазақстан облысы Экология департаментінің мәліметінше, күкіртсутек иісіне қатысты мәселе біртіндеп шешіліп жатыр.
«Биотоған - сарқынды суды жинақтағыш тоған «Қызылжар су» ЖШС балансында тұр. Бұл проблема СҚО-ның 2020-2025 жылдарға арналған экологиялық проблемаларды кешенді шешу жөніндегі Жол картасына енгізілген. Кәсіпорын өз қаражаты есебінен былтыр жұмыстарды бастады. Жоба 2021-2023 жылдарға арналған. Тоғанды тазарту үшін «Судың ғылыми-технологиялық орталығы» ЖШС-мен жалпы сомасы 124 млн 606 мың теңгеге шарт жасасты.
2021 жылғы тамызда сарқынды суды жинақтағышты альголизациялау бойынша жұмыстар басталды, 4 мың тонна көлемінде хлорелла микробалдыры биотоғанға салынды», - делінген экология департаменті таратқан хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, биотоғанға жыл басталғалы хлорелла микробалдырының 19 мың литр мөлшерінде концентраты құйылған. Бұдан басқа оны өсіру үшін аралық су айдынына 1 мың литр мөлшерінде суспензия салынған.
Естеріңізге салайық, «Қызылжар су» ЖШС биотоғанды тазарту бойынша атқарып жатқан жұмыстар жайылы мәлім еткен еді. Мамандар альголизация үш жылдан кейін ғана, яғни тек келесі жылы нәтиже бере бастайтынын айтты.