Петропавлда ауған-тәжік шекарасында қаза тапқан жауынгерлерге арналған мемориалдық композиция ашылды
Оны Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләлов пен ҚР ІІМ Ішкі әскерлер комитеті қолбасшысының орынбасары генерал-майор Ерік Ботақанов ашты.
Жиналғандар есімдері гранит тасқа ойып жазылған, қаза тапқан 17 жауынгерді бір минөт үнсіз еске түсірді. Сол кезде қызмет еткендердің арасында жарақат алған тағы 33 сарбаз болған еді.
«Қаза тапқандардың есімдерін біздер ешқашан ұмытпаймыз. Бұл жауынгерлердің халықты және біздің мемлекетіміздің конституциялық мүддесін қорғағанын біздер мақтанышпен айта аламыз. Олардың ерлік істері кейінгі ұрпаққа қашан да үлгі болып қала бермек. Біздің республикамыз бейбітшілікті жақтайды және барлық елдермен өзара игі қарым-қатынастарды сақтап қала береді», - деді аймақ әкімі.
Салтанатқа қатысушылар мемориалдық композицияға гүл шоқтарын қойды.