Волонтерлер гуманитарлық көмекті ұрлап жатыр: Петропавл тұрғыны жалған хабар таратты

көмек
Фото: Астана әкімдігі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда гуманитарлық азық-түлік ұрланып жатыр деп жалған ақпарат таратқан 47 жастағы әйел енді айыппұл төлемек.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл тұрғыны әкімшілік ғимараттардың бірінің артында азық-түлік пен басқа да заттарды көлікке тиеп жатқан волонтерлерді телефонға видеоға түсіріп алған. Ол волонтерлер гуманитарлық көмекті ұрлап жатыр деп ойлаған. Бірақ бұл күдігі туралы полицияға хабарламай, WhatsApp желісіндегі топқа бейнежазбаны жүктеген. Істің байыбына бармай салынған ролик әп-сәтте TikTok желісінде тарап кеткен.

Осылайша, облыс орталығының тұрғыны жалған ақпараттың тарауына жол берді. Мұны СҚО ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында анықтады. Полиция қызметкерлері «азық-түлік ұрланып жатыр» деген хабарламаны тексерді. Шын мәнінде тиеліп жатқан жүк Есіл өзенінің тасуынан зардап шеккен Қызылжар ауданының Большая Малышка ауылына жіберілген.

Ойланбастан асығыстық жасаған Петропавл тұрғыны айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Айта кетсек, өңірде су тасқыны басталғалы бері жалған ақпараттың таралуына жол бермеу мақсатында тәртіп сақшылары интернет-кеңістікті бақылауды күшейткен.

Соңғы жаңалықтар