Петропавлда бес саяжайда өрт болып, 10 га жер жанып кетті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда Заречный кентіндегі саяжай кооперативтерінде өрт шығып, қатты желдің салдарынан жалын 10 га аумақты шарпыды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камаловтың айтуынша, табиғи жағдайларға байланысты қазір департамент күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Демалыстан бастап кешегі күнмен есептегенде қураған шөптің, қамыстың, саяжай учаскелерінің өртенуіне қатысты 130 шақырту түскен.

Соның ішінде кеше, 12 сәуір күні таңғы сағат 8.00-ден бастап бүгін кезекшілік аяқталғанға дейін 20 шақты шақырту болған.

Соның ең ауқымдысы – Заречный кентіндегі саяжай кооперативтерінде болған өрт.

«Барлық гарнизон тоқтаусыз жұмыс істеді. Өрт сөндіру көліктері қайтпады. Кеше екпіні секундына 20-23 метрге дейін жететін жел соқты. Бұл да жағдайдың ушығуына себеп болды. Заречный кентіндегі саяжай учаскелеріне қатысты айтар болсам, сағат 16.20 кезінде кезекшінің пультіне «Ренет» саяжай учаскесінде қураған шөп пен түрлі құрылыстардың жанып жатқандығы туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына бірден өрт сөндірушілер жіберілді. Жоғары шақыру нөмірі бойынша жеке құрам, соның ішінде бос ауысымдағы қызметкерлер жұмылдырылды. Барлық қызметтер бірлесе әрекет етті, мәселен жол полициясы оқиға орнын жедел қоршауға алды. Қатты желдің салдарынан жалын шөп, бұталарды шарпып, үй-жайларға тез тарала бастады. Жолдың болмауы, жеңіл көлікпен келген саяжайшылардың көптігі жұмысымызды бөгеді. Саяжайшыларды қауіпсіз жерге эвакуациялауға тура келді. Арнайы көліктерді сол жерде сумен толтыру мүмкін болмағандықтан Петропавлдағы коммуналдық қызметтердің 8 су тасығыш көлігі тартылды. Олар өрт сөндіру көліктеріне тоқтаусыз суды жеткізіп тұрды», - дейді Рамиль Камалов.

Оқиға орнында штаб және қажет болған жағдайда тұрғындарды орналастыру үшін эвакуация пункті құрылды.

Алайда, эвакуациялық пункті ешкімге қажет болмаған. Департамент бастығының айтуынша, қазіргі уақытта зардап шеккендер, қаза тапқандар бойынша мәлімет жоқ.

Өрттің шығу себептері деанықталып жатыр. Әзірге негізгі екі болжам бар.

Біріншісі - белгісіз адамдардың отты абайсыз қолдануы, екіншісі – әдейі өрт қою.

«Қазір бұл жерде арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Нақты неше саяжай учаскесінің жанғаны әзірге белгісіз. Бұл жерде 800-ден астам учаске бар. «Ренет», «Кировец-3» саяжай кооперативтеріндегі учаскелерге зақым келді. Қалғандары айтарлықтай зақымданған жоқ. Саяжай қоғамдастықтары басшыларының айтуынша, учаскелердің шамамен 60 %-ы иесіз жатқан. Биыл көктемгі су тасқыны штаттық режимде өтіп жатыр. Су аз. Былтыр осы уақытта жанған саяжай учаскелері су астында жатқан еді», - дейді Рамиль Камалов.

Сонымен қатар бұл күні Копай шағын ауданында қамыс өртеніп, жалын жақын маңдағы үйлерге қауіп төндірді.

Құтқарушылар 12 адамды дер кезінде қауіпсіз жерге шығарып, жалынның тұрғын үйлерді шарпуына жол бермеді.


Соңғы жаңалықтар