Петропавлда бейнекамералардың көмегімен 18 қылмыс ашылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда жедел басқару орталығының бейнекамералары арқасында 18 қылмыс ашылып, 1,5 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда бейнекамералардың көмегімен 18 қылмыс ашылды

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз

қызметінің мәліметінше, «102» арнасына Петропавлдың 57 жастағы тұрғыны хабарласып, Хименко көшесі бойында орналасқан гаражынан құрал- саймандар мен 500 мың теңгенің автоқосалқы бөлшектері ұрланғанын айтқан.

Тәртіп сақшылары жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделейді. Олардың назарына гараждар маңында жүрген күдікті «ГАЗель» автокөлігі түседі.

Көліктің иесі хабарландырулар сайты арқылы тапсырыс қабылдап, заттарды гараждан металл қабылдау пунктіне жеткізгенін айтқан.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тапсырыс берушінің бұрын бірнеше рет сотталған 33 жастағы петропавлдық екені анықталды. Аталған факті «Ұрлық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдіктіге қатысты келу туралы міндеттеме түріндегі мәжбүрлеу шарасы қабылданды. Ұрланған заттың бір бөлігі алынды.

«Жәбірленуші заттарының жоғалған тек үш күн өткеннен кейін ғана білген. Кеш жүгіну қылмысты ізін суытпай ашуға кедергі болып жатады.

Десе де сыртқы бейнебақылау гараж құлпын бұзып, ұрлық жасауған күдіктіні ұстауға көмектесті», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы бірінші полиция бөлімінің бастығы Тілеген Әлжанов.

Тек қаңтар айында ғана жедел басқару орталығының бейнебақылау операторлары Петропавлда 1500-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты тіркеп, 18 қылмысты ашуға көмектесті.