Петропавлда биыл 181 жеке тұрғын үй бұзылып, орнына жаңа ғимараттар салынады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда ренновация бағдарламасы аясында соңғы 6 жылда 2 мыңнан астам жеке тұрғын үй бұзылып, қаланың тұрғын үй қоры жаңартылды. Нәтиже берген бұл жұмыс биыл да жалғасады. 

тұрғын үй құрылысы
Фото: Ақмола облысының прокуратурасы

Петропавл әкімі Серік Мұхамедиев тұрғындармен кездесуде қалада тұрғын үй бағдарламасының қалай атқарылып жатқанын айтты. 

Былтыр облыс орталығында 191 мың шаршы метр үй қолданысқа берілген. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен шамалас. Қазіргі уақытта 11 бюджеттік, 14 коммерциялық көпқабатты үйлердің құрылысы жүріп жатыр. 

«Жақында өткен халықаралық инвестициялық құрылыс форумында 60 млрд теңгеден асатын сомаға әріптестік жөнінде меморандумға отырдық. Нәтижесінде Петропавлда заманауи тұрғын үй кешендері салынады. Талаптарымызды жеткіздік, онда тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін бәрі ескеріледі. Сондай-ақ 18 қабаттан биік тұрғын үйлерден бас тартып, олардың құрылысына тыйым салдық. Одан бөлек, қалада нүктелі құрылыс тоқтатылады. Шағын аудандарда құрылыс жалғасады. Ренновация бағдарламасы аясында биыл 3 апатты тұрғын үй мен 18 тозығы жеткен үй сүріліп, орнына заманауи нысандармен соңғы үлгідегі көпқабатты үйлер салынады», - деді Серік Мұхамедиев. 

Қазіргі уақытта Петропавлда 28 апатты және тозығы жеткен 210 көпқабатты үй бар. Қала әкімінің айтуынша, алдағы 5 жылда барлық апатты және ескірген үйлердің бір бөлігі бұзылады, орнына жаңа баспана тұрғызылып, 500-ден астам адамның тұрғын үй жағдайы жақсармақ. 

Жеке тұрғын үй секторында жоспар бойынша биыл 181 үй сырылмақ. Олардың иелеріне өтемақы немесе баспана беріледі. 

«Жаңа үйлерді салумен қатар қолданыстағы баспананы да қалыпты жағдайда ұстау қажет. Биыл Тұрғын үй саласын жаңғырту бағдарламасы аясында көпқабатты төрт тұрғын үйдің шатыры жөнделеді, тағы үшеуіне 18 лифт орнатылады. Тағы 13 үй бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Облыс орталығындағы баспаналардың басым бөлігі өткен ғасырдың 70-80 жылдары салынған. Дұрыс күтіп-ұстамаса апаттық жағдайларға әкелуі мүмкін. Тұрғындар өз үйлеріне, яғни, мүліктеріне жауапты екенін еске саламын», - деді Серік Мұхамедиев. 

Соңғы жаңалықтар