Петропавлда биыл мас күйде көшеде жүрген 57 жасөспірім анықталды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Петропавлда демалыс күндері полицейлер жасөспірімдердің түнгі уақытта үйден тыс жерде жүруінің 19 фактісін тіркеді.

в
Фото: СҚО ПД

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жаз - полицейлер үшін жұмыстың қызатын шағы. Тәртіп сақшылары жасөспірімдердің қатысуымен болатын қауіпті жағдайлардың алдын алу мақсатында тұрақты түрде түнгі рейдтер жүргізеді.

Әсіресе демалыс күндері полицейлер түнгі көшелерді, ойын-сауық орындарын, саябақтарды, сондай-ақ кәмелетке толмағандар болуы мүмкін өзге де орындарды тексереді.

Мәселен, өткен демалыс күндері рейд барысында көшеде түнгі уақытта жүрген 19 жасөспірімдерді анықтады. Ата-аналарына әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Ал Н.Назарбаев көшесі бойында полицейлерден бой тасалап келе жатқан 15 жастағы қыз назарға ілікті. Медициналық куәландыру оның мас күйде екенін көрсетті. Осы факті бойынша қазір материалдар жиналып жатыр, енді оның әке-шешесі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия алдында жауап беретін болады.

Жыл басынан бері Петропавлда полицейлер жасөспірімдердің түнгі уақытта көшеде жүруінің 375 фактісін, сондай-ақ 18 жасқа толмағандардың алкогольдік ішімдік ішуінің 57 дерегін анықтады. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның қарауына 51 материал жолданды.

Бұған дейін Өскеменде жасөспірімдер зақымдап кеткен аспалы көпірді жөндеуге 21 млн теңге жұмсалатынын жазған едік.