Петропавлда бір кәсіпорында 40 жыл тігінші болған әйел марапатталды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда «Мен еңбегіммен мақтанамын» атты салтанатты іс-шара өтіп, еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Марапатқа ие болғандардың арасында тігін фабрикасының технологы Райхан Сағындықова да бар. Ол бір кәсіпорында 40 жылдан бері еңбек етіп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іс-шара, ұйымдастырушылардың айтуынша, «Шын жүректен» жобасының аясында өтті. Солтүстік Қазақстан облысы ардагерлер кеңесі бұл жолы еңбегімен ерекшеленген бес ауданның және Петропавлдың 7 еңбек ардагерін құрметке бөледі.

Солардың бірі – «Прогресс» тігін фабрикасының технологы Райхан Сағындықова. Ол бұл кәсіпорында 40 жыл бойы еңбек етіп келеді. Осы аралықта тігін фабрикасының бірнеше рет атауы өзгерді, басшылары мен иелері ауысты. Қиын тоқсаныншы жылдары да Райхан Сүлейменқызы өз кәсібіне адал болып, мамандығын ауыстырмады.


«2000 жылдардың басы біздің кәсіпорын үшін аса қиын болды. Еңбекақыны азық-түлікпен берді. Сол жылдары көбі басқа жұмысқа кетті, фабрикада 6 адам ғана қалдық. Біз оның өтпелі кезең екеніне, уақыт өте келе жағдайдың жақсаратынына сендік, сүйікті ісімізбен айналыса бердік», - дейді Райхан Сағындықова.

Қазір білікті маман тәжірибелік цехты басқарады. Қол астындағы мамандармен жаңа киім үлгілерін әзірлеп, бұрыннан барын жетілдіреді. Сондай-ақ өндіріске де жауап береді. Оның қарамағында 50 тігінші бар.


«Бұл мамандыққа жастар көбірек келсе екен деген тілегім бар. Қазір қыз-келіншектер сәнді мамандықтарды таңдайды. Бірақ, қол еңбегі қашан да жоғары бағаланғанын ұмытпау қажет. Сондықтан бізге жұмысқа шақырамын. Тігу білмесе – үйретеміз, тек ынта болса болғаны. Еңбекақы жаман емес, осы айда тағы да өсті», - дейді тігін фабрикасының технологы.

«Мен еңбегіммен мақтанамын» атты салтанатты іс-шара барысында Райхан Сүлейменқызының еңбегі көпке үлгі етілді. Оған және салтанатты жиынға қатысқан басқа да еңбек ардагерлеріне сыйлықтар табыс етілді. Кеш концерттік бағдарламаға ұласты.


Соңғы жаңалықтар