Петропавлда бір топ жасөспірім коттедж жалдап, туған күн тойлаған

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстікқазақстандық полицейлер, прокуратура қызметкерлері және тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары қаланың көңіл көтеру орындарына рейдтік іс-шараларды жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда бір топ жасөспірім коттедж жалдап, туған күн тойлаған

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде карантин енгізілгелі «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу» бабы бойынша 700-ден астам құқық бұзу фактісі анықталды.

Петропавлда Ульянов көшесіндегі коттеджін жалға берген үй иесі енді айыппұл төлемек. Рейд кезінде кешкі сағат 21.00 шамасында полицейлер коттеджде досының 18 жасқа толуын тойлап жатқан жастарды анықтаған.

Қонақтардың жартысы - 15-17 жастағы жасөспірімдер. Карантинге байланысты адам көп жинап, той-томалақ өткізуге тыйым бар. Сол себепті кеш тоқтатылды. Үйден 4 бес литрлік ыдысқа құйылған алкоголь өнімі табылды.

Сауық кештің барлық қатысушылары әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Кәмелетке толмағандар үшін ата-анасы жауап береді.

Рейд барысында көңіл көтеру орындары да назардан тыс қалмады. Нәтижесінде сағат 23.00-ден кейін жұмыс істеп тұрған Кирпичная көшесіндегі «Павлин» дәмханасы анықталды.

Сондай-ақ, мониторинг тобы шамамен түнгі сағат 03.00-де «Royal palace» ойын-сауық кешенінің караоке-барында кетуге асықпай, бас қосып отырған қала тұрғындарының үстінен түсті. Көңіл көтеру орындарының иелеріне карантиндік шараларды бұзғаны үшін материал жинастырылды.

«Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысының орындалуын бақылау міндеті полицияға жүктелді. Көңіл көтеру орындарының басым бөлігі жағдайға зор жауапкершілікпен қарап, белгіленген талаптарды қатаң ұстануда. Осыған қарамастан, қазіргі уақытта талаптарды түсіндіру бойынша профилактикалық іс-шаралар күшейтілді. Өйткені карантин талаптарын өрескел бұзу деректері әлі де бар»,- деді Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.

Жалпы СҚО-да бір аптада карантинді бұзуға қатысты 27 дерек анықталды.