Петропавлда биыл 1 млрд теңгеге 26 көпқабатты үй жөнделеді

Петропавл әкімі Болат Жұмабековтың айтуынша, жаңа баспана құрылысымен қатар облыс орталығында ескірген көпқабатты үйлер де жөнге келтіріліп жатыр. Былтыр республикалық бюджеттен 980 млн теңге бөлініп, 18 көп қабатты үй жөнделген.
«2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының бір бағыты – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және жалпы қолданыстағы кондоминиум нысандары мүлкін қалпына келтіру. Былтыр осы бағдарлама аясында 13 көп қабатты үйдің шатыры күрделі жөнделді. 5 үйде 10 лифт ауыстырылды. Соның ішіндегі 4 лифт 25 жыл бойы жұмыс істемеген екен. Бұл жұмыстар тұрғын үйлерде кезекпен атқарылады», - дейді қала басшысы.
Биыл осы мақсатқа республикадан 1 млрд теңге бюджеттік несие бөлінді. Ол қаражатқа 26 көпқабатты үйді жөнге келтіру жоспарланған. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.
Тізімге қай көп қабатты үйлердің кіргенін Петропавл қалалық әкімдігінің ресми сайтынан білуге болады.
Болат Жұмабековтың айтуынша, мүлік иелері бірлестіктерін және жай серіктестіктерді құру бойынша да жұмыстар жалғасып жатыр.
«Қазіргі уақытта Петропавлда 1070 көппәтерлі тұрғын үй бар. Солардың 790-ы мүлік иелері бірлестіктерін және жай серіктестіктерді құрды. Жаңа заңнамаға сәйкес 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін басқарудың барлық ескі нысандары жаңаларына көшуі тиіс екенін атап өткім келеді. Осыған байланысты қалалықтардан осы бағыттағы жұмысты жандандыруды сұраймын.Артықшылығы көп. Нақты бір үйге бір шот жасалады. Яғни, тұрғындар жинаған қаражат тек олардың ортақ мүлкіне жұмсалады. Ал бірлестік төрағасы ай сайын тұрғындарға атқарылған жұмыстар туралы есеп береді», - дейді Петропавл әкімі.