Петропавлда биыл 150 адамға жалпы сомасы 184 млн теңге шамасында грант берілмек

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда былтыр «Еңбек» бағдарламасы аясында 204 адамға 117 млн теңге грант берілді. Грант көлемі 583 мың теңге болса, биыл ол екі есеге артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Петропавл әкімі Болат Жұмабековтың айтуынша, қала тұрғындарын жұмыспен қамту басым бағыттардың бірі. Былтыр облыс орталығында 3 221 жаңа жұмыс орны құрылды, бұл 2020 жылдан 209 орынға артық.

Бұдан басқа 7 мыңға жуық адамның жұмысқа орналасуына көмек көрсетілді, 6 мыңы тұрақты жұмыспен, қалғаны әлеуметтік, қоғамдық орындарға және жастар тәжірибесі бойынша уақытша орналастырылды.

«Еңбек нарығында сұранысқа ие 14 мамандық бойынша қысқа мерзімді оқудан 233 жұмыссыз өтті, оның ішінде электргазбен дәнекерлеушілер, электриктер, тракторшылар, құрылыс саласына қажет мамандар, омарташылар, бухгалтерлер, аспазшылар, тігіншілер, пеш салушы және әлеуметтік қызметкерлер бар. Биыл 300-ге жуық адамды оқыту жоспарда бар.

«Еңбек» бағдарламасы бойынша «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін 207 адам меңгерді. 204 адам жалпы сомасы 117,1 млн теңге грант алды. Грант көлемі 583,4 мың теңге», - дейді Петропавл әкімі.

Биыл Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша гранттар мөлшері 200-ден 400 АЕК-ке дейін екі есеге ұлғайып, 1 млн 225 мың теңге болды. Осы жылы 150 адамға 183,7 млн теңге сомасында грант беру көзделген.

«Жыл басында Петропавл кәсіпорындары жұмыспен қамту орталығына мыңнан астам бос жұмыс орнын ұсынды. Оның 300-і құрылыс саласында. Жұмыс беруші еңбекақыны маманның біліктілігіне және орындалатын жұмыс көлеміне байланысты 100 мың мен 300 мың теңге аралығында белгілейді. Білікті мамандардың болмауына байланысты құрылыс саласы кадр тапшылығын бастан кешуде», - дейді Болат Жұмабеков.


Соңғы жаңалықтар