Петропавлда биыл отбасылық жанжал кезінде жасалған 18 қылмыс тіркелді
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда 9 айдың ішінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 18 қылмыс жасалған. Олардың барлығы жанжалдан, қорлаудан, психологиялық зорлық-зомбылық, күш көрсетуден басталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдың 46 жастағы тұрғыны тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін жауапқа тартылды. Сот оның жүріс-тұрысына ерекше талаптар қойды. Оған 3 ай бойы алкоголь ішуге тыйым салынды. Алайда, учаскелік инспектор тексеріс барысында оны екі рет мас күйде көрген. Ерекше талаптарды орындамағаны үшін ер адам екі жағдайда да 3 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
«Тәжірибе көрсеткендей, жаза тартқан бұзақылар жағдайдан қорытынды жасамайды. Сот шешімін елемейтін кездер болады. Олар маскүнемдіктен мәжбүрлі түрде емделгеннен кейін ғана түзелуі мүмкін. Ол үшін жақын туыстарының өтініші қажет. Алайда, адамдардың басым бөлігі жанжалқойлардың әрекеттеріне мойынсұнуға дайын. Отбасылық жанжал кезінде соққыға жығылғанымен, зардап шеккендер кінәлі адамдарды жауапқа тарту туралы арыз жазудан бас тартып, татуласып жатады. Жазаланбау отбасындағы зорлық-зомбылықтың қайталануына әкеледі. 9 айдың ішінде Петропавлда отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 18 қылмыс жасалды. Олардың барлығы жанжалдан, қорлаудан, психологиялық зорлық-зомбылық, күш көрсетуден басталған – жәбірленушілер полицияға уақтылы жүгінген жағдайда қылмысты болдырмау мүмкін еді», - дейді Петропавл қалалық ПБ ЖПҚ бөлімі бастығының орынбасары Айдын Ахмағамбетов.

Жалпы жыл басынан Петропавлда отбасы-тұрмыстық қатынас саласында 1092 құқық бұзушылық тіркелді. Учаскелік инспекторлар 899 қорғау ұйғарымын шығарған.