Петропавлда биыл отбасында жанжал шығарған мыңнан астам адам жауапқа тартылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда биыл отбасының шырқын бұзған 1092 адам жауапқа тартылды. Бұдан басқа 18 қылмыс жасалса, соның 13-інде заң бұзушылар мас болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда биыл отбасында жанжал шығарған мыңнан астам адам жауапқа тартылды

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қаңтар айында спирттік ішімдік ішілген отырыс барысында 59 жастағы Петропавл тұрғыны әйелін пышақтап тастаған. Әйел тірі қалды.

Ақпанда сот пробациялық бақылау бекітіп, бұзақының 4 жылға бас бостандығын шектеді. Сондай-ақ, алкогольдік ішімдік ішуге және спирттік ішімдіктер сататын көңіл көтеру орындарына баруға тыйым салды.

Алайда ер адам жарты жыл ішінде қойылған талаптарды бірнеше рет бұзды. Енді ол жазасының өтелмеген мерзімін түрмеде өткізеді. Петропавл тұрғынының бас бостандығын шектеу жазасы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.

Ер адам бұған дейін де бірнеше әкімшілік жауапқа бұзақылық, тыныштықты бұзу және абаттандыру қағидасын бұзу бойынша тартылған екен.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық – бүгінгі күнің өзекті мәселелерінің бірі. Зорлық-зомбылықтың құрбандары үйдегі дау-жанжалды сыртқа шығарғысы келмей, кешіріп жатады. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, мұндай қарым-қатынастың салдары кейін ауыр болуы мүмкін.

Жыл басынан Петропавлда отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылық жасағаны үшін 1092 адам жауапқа тартылды. Бұдан басқа 18 қылмыс жасалған, оның 13-і алкогольдік мас күйде. Басым бөлігі түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын келтіру.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына өз проблемалары туралы үндемей қалмауға кеңес береміз. 8 (7152) 49-31-58 және 8 (7152) 61-25-30 телефондары арқылы полицияға, өз учаскелік полиция инспекторыңызға, 150 республикалық саll-орталығына, +7-777-504-77-73 Әйелдерді қолдау орталығына немесе «102» арнасына хабарлаңыздар, жағдайдың ушығуына жол бермеңіздер», - дейді Петропавл қалалық ПБ ЖПҚ бөлімі бастығының орынбасары Айдын Ақмағамбетов.