Петропавлда биыл жетім балаларға 120 пәтер беріледі

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда биыл 6 тұрғын үй сатылымға шығарылады. Ондағы 120 пәтер баспана кезегінде тұрған жетім балаларға тегін беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда биыл жетім балаларға 120 пәтер беріледі

Петропавл қаласы әкімдігінің мәліметінше, облыс орталығында соңғы 3 жылда сатылған 5 үйден «жетім балалар» санатына жататын тұрғындарға 108 пәтер берілген. Жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйлердің жалпы санының кемінде 20 % бөлінеді. Биыл Петропавлда барлығы 600 пәтерлі 6 үйді сату жоспарланған, ондағы 120 пәтер осы санатқа беріледі.

Мамандардың айтуынша, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 74-бабына сәйкес тұрғындардың бірнеше санаты мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға құқылы. Олар: Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ бұрын I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар. Көп балалы отбасылардың бірінші кезекте пәтер алу құқығы бар. Толық ақпаратты 8 7152 46-98-53 телефон нөмірі арқылы алуға болады.

Қазіргі уақытта Петропавлда 253 көпбалалы ана пәтер кезегінде тұр. Ал баспанаға мұқтаж «жетім балалар» санатына жататын тұрғындардың саны - 1774.