Петропавлда блокпостардан кімдер өте алады
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – 9 қарашадан бастап Петропавл қаласы карантинға жабылады. Қалалық әкімдікте блокпостардан кімдер және қай жағдайда өте алатыны жайын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Петропавл әкімінің баспасөз қызметі берген мәліметке сәйкес, қалаға блокпостар арқылы аудандық әкімдіктер ұсынған тізімдер бойынша жұмысқа жол жүрген азаматтар өткізіледі.
Сондай-ақ, медициналық жағдайға байланысты жол жүрген азаматтар қалаға кіріп-шыға алады. Бұл жағдайда олардың қолында медициналық мекемеден берілген арнайы жолдама немесе анықтама болуы тиіс.
Блокпосттардан тұрғындардың өмір тіршілігін қамтамасыз ету кәсіпорындары мен ұйымдардың қызметкерлері, апаттық-құтқару қызметі және жедел медициналық көмек көрсету көліктері, табиғатты қорғау және ветеринарлық, жол жөндеу жұмыстарына қатысты іс-шараларға жұмылдырылған мамандар, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет көрсету мамандары, бірінші қажеттіліктегі тауарлар, азық-түлік, дәрі-дәрмек, қатты, сұйық отын және жанар-жағармай жеткізушілер кедергісіз өте алады. Барлық мәліметтер «Сергек» базасына енгізілуі тиіс.
Қалған азаматтар Петропавлға коронавирусқа тапсырған тестінің қорытындысы теріс болғанын дәлелдейтін анықтамамен ғана кіре алады. Ол үш тәулікке дейін жарамды. Анықтама бес жасқа дейінгі балаларға ғана қажет емес.
Карантин кезінде Петропавл мен облыс аудандары арасындағы жолаушылар тасымалы мен автовокзал қызметі тоқтатылды.
Еске сала кетсек, коронавирус жұқтырған адамдар санының көбеюіне байланысты 9 қарашадан бастап Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданы карантинға жабылды.