Петропавлда бопсалады деген күдікпен 38 жастағы тұрғын ұсталды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда бұрын істі болған 38 жастағы тұрғын кәсіпкерлерді бопсалады деген күдікпен қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, петропавлдық кәсіпкер өзін 38 жастағы тұрғынның бопсалағаны жөнінде арызданған.
«Қала тұрғыны әлеуметтік желіге қоғамдық көліктегі келеңсіз жағдайларды түсіріп, салып отырған. Яғни, жүргізушінің темекі тартуы, салондағы былық - мұның бәрі кейін интернетке жүктелген. Осылайша жолаушылардың құқығын қорғап келген «блогер» кейін бопсалауға көшкен. Зардап шегушінің айтуынша, ол бағыттық автобустардың иелеріне белгілі бір сома үшін өз райынан қайтып, әшкерелейтін әрекеттерден бас тартамын деген. Әр автобустан 200 мың теңге сұрапты», - дейді тәртіп сақшылары.
Кәсіпкерлердің бірі сұраған ақшасын күдіктінің есепшотына аударған. Ал екінші кәсіпкер 286 мың теңгені беріп жатқан кезде бопсалаушы қолға түсті.
«Петропавл қаласының 38 жастағы тұрғыны бұған дейін де мүліктік және адамның жеке басына қарсы қылмысы үшін бірнеше рет сотты болған. Бұл факті ҚР ҚК 194-бабының 2-бөлімі «Бопсалау» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдікті қамауға алынды», - дейді СҚО ПД Тергеу басқармасының бастығы Қайрат Қасымбеков.
Қазір зардап шеккендердің саны мен келген шығын мөлшері анықталып жатыр.