Петропавлда бір апта есірткі жасырып-таратқан жігіт енді 15 жылға сотталуы мүмкін

Есірткі
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда есірткі таратып-жасырды деген күдікпен 23 жастағы жігіт ұсталды.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полицейлер жас жігітті қаңтар айында Петропавлдағы көлікжай кооперативтерінің бірінде ұстады. Белла есімді қызметтік-іздестіру итін қолдану арқылы жігіттен ақ түсті ұнтақ тәрізді зат салынған 25 түйіншек табылып тәркіленді. Сараптама нәтижесі тәркіленген заттың жалпы салмағы 28,12 грамды құраған «мефедрон» деп аталатын синтетикалық есірткі екенін көрсетті.

Тәртіп сақшылары айтуынша, жігіт интернет-дүкенде тек бір апта ғана жұмыс істеп үлгерген.

«Есірткі сатушылар оңай жолмен ақша табуды уәде етіп, жастарды есірткі таратуға тартады. Бейхабар жастар бұған сеніп, қомақты ақша табамыз деп ойлайды.

Қолымыздағы ақпаратқа сәйкес, күдікті облыс орталығындағы есірткі сатумен айналысатын интернет-дүкенде есірткі жасырушы болып істеген. Осы «жұмыс» үшін аудандардың бірінен келген. Енді аса ірі мөлшерде есірткі өткізгені үшін ол 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - дейді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.

Жыл басынан СҚО полицейлері есірткі өткізген 36 адамды қылмыстық жауапкершілікке тартты, олардың 20-сы – 18 бен 25 жас аралығындағы жігіттер.

Бұған дейін Астанада автокөліктерді заңсыз ресімдеушілер ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған басшылық жасағаны үшін сотталғандығын айтқан едік.

Соңғы жаңалықтар