Петропавлда бір ғимарат қызыл түспен жарықтандырылмақ

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Қазақстанда туберкулезге қарсы күрес айлығы басталды. Биыл ол «Біз туберкулезді жеңе аламыз!» ұранымен өтіп жатыр.

красное освещение
Фото: freepik.com

24 наурыз – Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні. Солтүстік Қазақстан облыстық фтизиопульмонология орталығының мәліметінше, қазіргі уақытта бұл ауру жаһандық проблема болып отыр. Эпидемияны жою үшін 2023 жылы БҰҰ-ның туберкулез бойынша жоғары деңгейдегі кездесуінде қабылданған міндеттемелерді жүзеге асыру қажет.

«24 ақпанда Қазақстанда туберкулез бойынша айлық басталды, ол Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орайластырылған. Жылына бір рет өткізілетін бұл іс-шараның мақсаты халықты қаіпті ауру туралы хабардар ету. Республикалық көрсеткішпен салыстыратын болсақ, өкінішке орай СҚО-да туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіші жоғары», - дейді СҚО фтизиопульмонология орталығы консультативтік-диагностикалық бөлім меңгерушісі Кенжегүл Әріпова.

Облыстық фтизиопульмонология орталығында 2 және 16 наурызда «Ашық есік» күндері өтеді, бұл күні тұрғындар флюорографиялық зерттеуден өте алады және шағым болған жағдайда фтизиатр-дәрігерге жүгініп, талдаулар тапсыра алады.

13 наурызда Петропавлдағы «Алтын Арман» сауда орталығында орталық қызметкерлері флеш-моб ұйымдастырып, сондай-ақ сауда орталығының аумағында жылжымалы флюорограф орнатылады, онда әрбір келуші флюорографиялық зерттеуден өте алады.

«Соңғы сегіз жыл бойы бүкіл әлемде 24 наурызда ДДҰ-ның бастамасымен «Туберкулезден әлемді жарықтандыр» халықаралық науқаны жүргізіліп келеді. Акция барысында туберкулезбен күресті қолдау мақсатында қаланың көрікті жерлері қызыл түспен жарықтандырылады.

Петропавл бұл акцияға 2020 жылдан бастап қатысып келеді, бұған дейін «Абылай хан резиденциясы музей-кешені, облыстық бейнелеу өнері музейі, астрофизикалық обсерватория, Солтүстік Қазақстан университеті, облыстық тарихи-өлкетану музейі жарықтандырылды.

Биыл облыстық филармония ғимаратын қызыл түспен жарықтандыру жоспарланған. Акция 24 наурызда сағат 20:00-ден 21:00-ге дейін өтеді», - дейді Кенжегүл Әріпова.

Соңғы жаңалықтар