Петропавлда бір күнде 950 тұрғыннан өтемақыға өтініш түсті

тасқын су
Фото: ТЖМ

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда су тасқынынан зардап шеккендерден өтініш қабылданып жатыр. Әзірге тұрғындар бір реттік көмек қана ала алады.

Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, 16 сәуір күні су тасқынынан зардап шеккендерден 950-ден астам өтініш түскен.

Осылайша екі бағыт бойынша — бірреттік көмек және материалдық шығынның орнын толтыруға арналған өтемақыға 1949 өтініш қабылданды.

Бұдан бөлек Петропавлдың 97 тұрғыны несиелерінің қайтарым мерзімін шегеруді сұраған. 

«Бүгін таңертеңнен бері тағы 138 адам шығынның орнын толтыруға, 139-ы — бірреттік төлем алуға және 10 тұрғын несие төлеу уақытын кейінге қалдыруға өтініш беріп кетті. Жұмыс жүріп жатыр. Өтінішті Петропавлда Театр көшесі, 36 мекенжайына келіп жазуға болады. Халыққа қызмет көрсету орталығының, банкттердің мамандары бір жерде отыр. Жұмыс уақыты таңғы сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін», — дейді Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Данияр Асылбеков. 

Бұған дейін СҚО-да су тасқынының екінші толқыны басталғанын айтқан едік.  

 

Соңғы жаңалықтар