Петропавлда бір жатақханада тұрған 14 студенттен теміреткі анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Петропавл қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжде дене терісінің дерматофитиясын жұқтырған 14 студент тіркелді. Олардың барлығында инфекция зертханалық талдау арқылы расталған, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, эпидемиологиялық тексеру барысында науқастардың бір жатақхананың бір қабатында, көршілес бөлмелерде тұрғаны анықталды. Сондай-ақ олар тұрмыстық байланыста болған.
Мамандар инфекцияны алғаш жұқтырған студент байланыста болған ықтимал инфекция көзін де анықтады.
— Аурудың одан әрі таралуына жол бермеу үшін студенттер тұратын және оқитын орындарда эпидемияға қарсы және профилактикалық шаралар жүргізілді. Атап айтқанда, қорытынды дезинфекция жасалып, науқастар медициналық бақылауға алынды. Тексеру нәтижесінде әкімшілік шаралар қабылданып, айыппұл салынды. Қазіргі уақытта жағдай департаменттің бақылауында, — делінген хабарламада.
Ведомство өкілдері дерматомикоздың алдын алу үшін жеке гигиена талаптарын сақтауға, өзгенің тарағын, киімін, аяқ киімі мен төсек-орнын пайдаланбауға кеңес береді. Сондай-ақ қаңғыбас жануарлармен байланыстан аулақ болу қажет. Теріде немесе бас терісінде бөртпе пайда болған жағдайда дерматологқа қаралу ұсынылады.
Еске салайық, бұған дейін Петропавлда осы колледждің сегіз студенті дене дерматофитиясына күдікпен ауруханаға жатқызылғаны хабарланған болатын.