Петропавлда букмекерлік кеңседен миллион теңге ұрланды

Ведоствоның хабарлауынша, 16 желтоқсан күні таңертең қалалық ІІБ-не Петропавл қаласының Бейбітшілік көшесінің бойындағы букмекерлік кеңсеге қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы хабарлама келіп түскен. Белгісіз біреу медициналық бетперде киіп келіп, кеңседен 1 миллион 248 мың теңге алып кеткен.
«Шабуыл жасаған адам өте шапшаң әрекет еткендіктен, кеңсе қызметкерлері қылмыстың толық мән-жайын аңғармай қалған. Бұған дейінгі ақпараттарды сараптап отырып, полицейлер қылмыстың бетін ашу үшін үлкен жұмыс атқарды. Бейнебақылау камерасы арқылы оның кейбір әрекеттерін зерттеуге мүмкіндік туды. Ақыры, күдікті қолға түсті. Ол қала шетіндегі аудандардың бірінде тұратын, жұмыссыз 23 жастағы жас жігіт болып шықты», - делінген хабарламада.
Күдіктінің үстінен ҚР ҚК 192-бабы 3-бөлігі бойынша (қарақшылық шабуыл) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті уақытша оқшаулағышқа қамалды.