Петропавлда бұралқы иттердің адамдарға шабуы жиіледі
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда биыл иттен зардап шеккен 53 адам дәрігерге қаралған. Олардың ішінде балалар да бар.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қаңғырған жануарларды уақытша ұстауға арналған орын салу туралы мәселелер «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы өңірлік даму кеңесінің отырысында көтерілді.
— Бұралқы иттердің адамға шабу жағдайлары негізінен тұрғын үйлердің аулаларында, мектептер мен балабақшалардың маңында тіркеледі. Иесіз иттер топтасып, адам өмірі мен денсаулығына — әрі физикалық, әрі психологиялық тұрғыда қауіп төндіреді. Сонымен қатар, екпеден өтпегендіктен, олар құтыру, бруцеллёз, туберкулёз сияқты қауіпті ауруларды таратуы мүмкін, — дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары Жақсылық Байбосынов.
Тәртіп сақшысының айтуынша, қаңғырған жануарлар санын реттеуге арналған кешенді бағдарлама жоқ, ал күштік шаралар жеткіліксіз. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң иесіз жануарларды өлтіруге тыйым салды. Алайда оларды зарарсыздандыру мен уақытша ұстауға арналған қажетті инфрақұрылым әлі күнге дейін жоқ.
— Реновация мен су тасқынынан кейін көптеген тұрғын ит-мысығын қаңғыртып жіберді. Салдарынан олар көшеде қаптап жүр. Біз бұл мәселені үнемі талқылаймыз, бірақ ештеңе өзгермейді. Бақылауды күшейту, айыппұл салу, мектептерде және ата-аналар жиналыстарында жауапкершілік туралы айту қажет. Полиция да бұл іске араласуы керек — бұл қоғамдық тәрбиенің бір бөлігіне айналуы тиіс, — деді Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Юлия Пронина.
Өңірлік даму кеңесі төрағасының орынбасары Владимир Витченконың айтуынша, міндетті чиптеу қарастырылмаған, сондықтан жануар иелеріне айыппұл салу заң жүзінде мүмкін емес.
— Петропавлда иесіз жануарларды ұстау мен бақылауға жыл сайын шамамен 69 миллион теңге бөлінеді. Жүргізілген талдау нәтижесіне сәйкес, бөлінген қаражат үш ветеринар, екі жүргізуші, бір аулаушы және пешке жауапты бір қызметкерден тұратын шағын ғана штаттың шығынын жабады. Егер жануарларды зарарсыздандыру және уақытша ұстауға арналған қызметтер нарығы құрылмаса, қанша қаражат бөлінсе де нәтиже болмайды. Бұл іспен айналысатын компаниялар жоқ — лицензия, жабдық жоқ, жаңа стандарттар бойынша қалай жұмыс істеу керектігін түсінбейді. Біз ұсыныстар дайындап, бизнес өкілдерін тарту, олардың бұл салаға кіруіне көмектесуіміз қажет. Мемлекет тарапынан тапсырыс болады. Бұл кәсіпкерлер үшін ұзақмерзімді, — дейді «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов.
Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Марлен Сандыбековтің айтуынша, Петропавлда қаңғырған жануарларды уақытша ұстауға арналған орынның жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Алайда биылғы 24 қыркүйектегі Үкімет қаулысына сәйкес жаңа ғимараттар салуға және сатып алуға мораторий енгізілген.
Сондықтан бұл мәселеге тараптар бір айдан кейін қайта оралып, егжей-тегжейлі талқылайтын болды.
Бұған дейін СҚО-да сегіз айда жануарлардан 1,2 мың адам зардап шеккенін жазған едік.