Петропавлда екі ағаш пен электр бағаны құлап, көшені жабуға тура келді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда екі ағаш опырылып құлап, электр желісіне зақым келтірді.
Оқиға таңертең Партизан және Нұрсұлтан Назарбаев көшелерінің қиылысында болған. Ikomek-ке алдымен тәртіп сақшылары хабарлаған. Құлаған ағаштар жолды жауып қалғандықтан, полицейлер кезекшілікке тартылды.
СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, зардап шеккендер, мерт болғандар жоқ.
Ағаштардың қатты желден құлауы мүмкін емес. «Қазгидромет» кәсіпорны облыстық филиалы бұған дейін бір тәулікке ауа райы болжамын жасап, таратты. Синоптиктердің ескертуінде найзағай ойнап, жаңбыр жауатындығы және таңертең мен түнде тұман түсетіндігі айтылды. Ал желдің екпіні күндіз 15-20 м/с аспайды делінген.
Петропавл қалалық әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, ескірген ағаштарды жақын маңдағы көпқабатты үйлердің тұрғындары кестірмеген.
- Оқиғаның негізгі себебі - ағаштардың шіріп, апатты жағдайда болуы. Бұл жерде теректер мен үйеңкілер өсіп тұр. Бұған дейін олардың жоғарғы бөлігі кесілген еді. Сырты бүтін болғанымен ағаштардың ішкі шіру процесінен, саңырауқұлақ пен ағаш зиянкестерінің әсерінен тамыр жүйесі мен дің құрылымы әлсіреген.
Салдарынан терек өз салмағына шыдамай құлаған және жанындағы шіріген тағы бір үйеңкіні зақымдаған. Сондай-ақ көше жарығының бетон бағанының бүлінуіне әкелді, - дейді дендролог Тимур Зверяченко.
Бұған дейін Көкшетауда балабақша маңындағы апатты жағдайда тұрған көпір құлағанын жазған едік.