Петропавлда екі ер адам автомобиль қозғалтқышын жуатын сұйықтықты абайсызда ішіп қойған

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда бір күнде қозғалтқыш жуатын сұйықтықты ішіп қойып, қатты уланған екі ер адам ауруханаға түсті.

аурухана
Фото: Pixabay


Дәрігерлер екеуін де аман алып қалды.

Петропавл қалалық көпбейінді аурухананың мәліметінше, уланған ер адамның біреуі 62-де, екіншісі 33-те. Олар таныс емес, қаланың екі шағын ауданында тұрады. Біріншісі бір жұтым, екіншісі екі жұтым жасаған екен.

— Бізге түскенде жағдайлары нашар болды, тамағының, кеудесінің қатты ауырғанын айтып, жүректері айныды, құсты, әлсіздік болды. Химиялық сұйықтық олардың аузын, өңешін, асқазанын күйдірген, салдарынан ісіп, қабыну процесі басталды. Тыныс алуының тоқтап қалу, ішке қан кету және сепсис қаупі болды. Екеуіне де бір диагноз: ауыр улану, ас қорыту жолдарының химиялық күйігі диагнозы қойылды, — дейді сырқаттардың өмірі үшін күрескен дәрігерлер.

Екеуі де бірден реанимацияға жатқызылды. Мамандар жүргізген ем-домның арқасында екі сырқат та 4-5 күннен кейін үйлеріне кетті.

— Біз оларды құтқарып үлгердік. Дер кезінде жеткізілмегенде мүшелердің некрозы, өңештің немесе асқазанның тесілуі, сепсис, мүгедектік немесе өліммен аяқталар еді.
Осындай жағдайға душар болмас үшін химияны су тұрған бөтелкеге құймаңыз. Сыртына не сұйықтық екенін жазып қойыңыз. Қауіпті заттарды балалар мен қарттардың қолы жетпейтін жерде ұстаңыз. Ал уланған жағдайда бірден жедел жәрдем шақырыңыз, — дейді дәрігерлер.

Бұған дейін СҚО-да учаскелік инспектор ер адамды өлімнен құтқарғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар