Петропавлда екі адам құдық тазалап уланған, біреуінің жағдайы ауыр

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда екі адам құдық тазалап жүріп буға уланған. Қазір жұмысшының бірі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда екі адам құдық тазалап уланған, біреуінің жағдайы ауыр

31 тамыз күні Петропавлдағы Жамбыл көшесіндегі құрылыс нысандарының бірінің жанындағы құдықты тазалаған үш адам буға уланды. Қалалық полиция қызметкерлері, жедел жәрдем қызметі келгенге дейін 2002 жылы туған жігіт сол жерде қайтыс болды. Ал 1994 және 2004 жылғы екі жұмысшы ауыр халде облыс орталығының медициналық мекемесіне жатқызылды.

Солтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, зардап шеккендердің екеуі де аман. 18 жастағы жігіт Петропавл қалалық көпсалалы ауруханасында ем алып жатыр. Есін жинады, жағдайы жақсарып келеді.

28 жастағы екіншісінің халі нашар, облыстық көпсалалы аурухананың жансақтау бөлімшесінде жатыр. Ол өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Комаға түсті. Мамандардың айтуынша, қазір қандай да бір болжам жасауға ерте.

Осы оқиғаға қатысты қазір құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр.

Ал жұмыс орнында оқыс оқиғаға жол берген мердігер ұйымдардың өндірістік қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша кінәсі анықталады.