Петропавлда екі қабатты тұрғын үй қора-қопсы, моншасымен жанып кетті

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда ағаштан салынған екі қабатты үйден өрт шығып, ғимарат қасындағы қора-қопсы, моншасымен толық жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда екі қабатты тұрғын үй қора-қопсы, моншасымен жанып кетті

Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 қыркүйек күні сағат 11.00-лер шамасында Петропавлдағы Московская, 68 көшесіндегі үйден өрт шыққан.

Оқиға орнына 12 арнайы техника мен 62 өрт сөндіруші жіберілді. Мамандар келген кезде екі қабатты ағаш үйден шыққан жалын қасындағы қора-қопсы мен моншаға таралып үлгерген екен. Отқа оранған ғимараттан 3 газ баллоны шығарылды.

Ірі өрт тек екі сағаттан кейін ғана толығымен сөндірілді. Алайда ағаш үй де, оның қасындағы шаруашылық нысандары да толық жанып кетті.

Мамандардың айтуынша, қаза тапқандар және зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі мен келген шығын мөлшері анықталатын болады.