Петропавлда екі жігіт кәсіпорыннан жарты млн теңгенің мыс сымын ұрлаған
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полицияға Петропавлдағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінен жоғарғы қуатты 30 метр кабельдің жоғалғаны туралы хабарлама келіп түскен. Келтірілген шығын 500 мың теңгені құраған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері облыс орталығының 19 бен 20 жастағы екі тұрғынын анықтаған. Олардың біреуі көрші кәсіпорында жұмыс істеген. Жігіттің айтуынша, күнде жұмысқа бара жатқанда жолда көзіне үнемі кабель түскен. Ұсталғандар ұрланған кабельді пластик қабынан тазарту үшін отқа күйдірген. Мысты металл қабылдау орнына 27 мың теңгеге тапсырыпты. Аталған факті «Ұрлық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
«Кабель - ұрылар үшін оңай олжа. Тек наурыз айында ғана кабель ұрлаудың төрт фактісі тіркелді. Оның үшеуі ашылып, біреуі бойынша жедел-іздестіру іс-шарасы өткізіліп жатыр. Қаскөйлер үшін аз ғана табыс болғанымен, кәсіпорындарға бұл айтарлықтай шығын. Кәсіпкерлер дүниесіне салғырт қарамаулары керек. Көп жағдайда күзеттің дұрыс ұйымдастырылмауы қылмысқа әкеледі», - дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Марат Жұмалиев.