Петропавлда ер адам өз үйінде өртеніп кетті
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда өртенген үйден ер адамның денесі табылды. деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт Февральский көшесіндегі бірқабатты үйде болған.
«Өрт сөндірушілер келген кезде бір қабатты үйдің шатыры периметр бойынша түгелдей түтінге оранғанын анықтады. Үйдің қабырғалары мен төбесі жанып жатқан. Жалынды сөндіру кезінде 62 жастағы үй иесінің жансыз денесі табылды», - деді баспасөз қызметінің өкілі.
Қазіргі таңда тілсіз жаудың шығу себебі мен материалдық шығынының көлемі анықталуда.
Жыл басынан бері өңірде өрттің салдарынан 24 адам көз жұмған, олардың ішінде бір бала бар. 14 адам, соның ішінде 3 бала, жарақат алған. 34 адам құтқарылды.