Петропавлда Есіл өзені тасып, су халықаралық маңыздағы тас жолға жетті
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда Есіл өзенінің су деңгейі күннен-күнге көтеріліп, қауіпті белгіге жақындап қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазгидромет» РМК СҚОФ Петропавлда Есіл өзені су деңгейінің көтерілуіне байланысты ескерту жариялады. Мамандардың айтуынша, бүгін кешкі сағат 19.30 шамасында су деңгейі 971 см жетті. Салдарынан жайылған су «Челябі-Новосібір» бағытындағы халықаралық маңыздағы тас жолдың үстіне шықты.
«Бірер күн бұрын қалалық саяжайға баратын жолды су басты. Петропавлда өзен деңгейі көтеріліп келеді. Қазір су Новоникольск елді мекені жанында, деңгейі 1431 см жетті, біздің есебіміз бойынша мұнда 1500 см дейін көтеріледі. Бұл былтырғыдан көп. Өткен жылы 1353 см дейін көтерілген болатын», - дейді «Қазгидромет» РМК СҚОФ директоры Қымбат Мерғалимова.
Петропавлда Есіл өзенінің қауіпті белгісі - 1004 см. Осы көрсеткішке жеткенде жайылған су Заречный кентіне кіреді. Ал су деңгейі 1050 см жеткенде Заречныйдан басқа Тепличное кентіне, Прибрежное елді мекеніне апаратын жолдарды су баспақ.
«Петропавл қаласында көктемгі су тасқынының шарықтау шегі 20-21 сәуірге күтілуде. Қымбат Мерғалимованың айтуынша, былтырғы максималды көрсеткіш 1029 см болса, биыл 1070-1090 см дейін көтерілуі мүмкін», - дейді Қымбат Мерғалимова.