Петропавлда Есілдің тасуынан халықаралық маңызы бар автожол жабылды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда Есіл өзені тасып, «Новосібір-Челябі» халықаралық маңызы бар автожолдың Заречный кенті маңындағы учаскесін су басып қалуына байланысты жол қозғалысына тыйым салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл маңында Есіл өзені арнасынан шығып, «Новосібір-Челябі» М-51 халықаралық маңызы бар автожолдың 525-529 шақырым аралығын су басуына байланысты барлық көлік түрлері үшін қозғалыс тоқтатылды.

«Жеңіл көліктер Р-49 автожолының 0-8 км арқылы, ал үлкен габаритті жүк көліктері «Петерфельд-Архангелка-Новокаменка» Р-57 автожолы арқылы немесе «Жезқазған-Петропавл» А-16 автожолының 0-30, 519 км, сондай-ақ «Жезқазған-Петропавл» А-16 автожолының 938-954 км арқылы айналып өте алады.

Шектеу 16 сәуір күні сағат 19.00-де енгізілді», - делінген баспасөз хабарламасында.

Мамандардың айтуынша, Заречный кентіне жол бар, ал оның айналасындағы айналма жол жабық.

Әлеуметтік желіде су басқан трассаның видеолары тарап жатыр. Автожүргізушілердің айтуынша, сағат шамамен 18.00 кезінде жол үстімен аққан судың биіктігі 30 см жетті.

«Қазгидромет» РМК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының мәліметінше, Петропавл маңында Есіл өзенінің су деңгейі таңғы сағат 8.00 мен 16.00 аралығында тағы 5 см көтерілді. Осылайша 983 см жетті. Қауіпті меже – 1050 см.

Бұған дейін бүгін таңғы сағат 06.15-те Есіл өзенінің тасуына байланысты, «Челябі-Новосібір» М-51 автожолының 528-інші шақырымын су басқанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар
telegram