Петропавлда футбол академиясының құрылысы басталмақ
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлдағы «Қарасай» стадионы 2,5 жыл жөндеуден кейін қайта ашылып, пайдалануға берілді.

Спорттық нысанды жөндеуге 1,3 млрд теңге жұмсалды. Мердігер компания құрылыс материалдарын Германия мен Италиядан тапсырыспен жеткізді.

Енді Петропавлдың басты спорттық аренасы Премьер-лиганың ойындарын қабылдауға дайын. Жаңартылған стадион еурокубок матчтарын өткізуге мүмкіндік бермек.

— Стадионда енді жасанды алаң, жылыту және автоматты суару жүйесі, жарықтандыру, электронды табло, жайлы трибуналар мен орындықтар бар. Секторлар үстіне жауыннан қорғайтын шатыр орнатылып, командалардың алаңға шығуы үшін орталықтан арнайы шығу жолы жасалды. Ойыншылар, төрешілер, қонақ команда мен БАҚ үшін трибуна астындағы бөлмелер стандартқа сай жабдықталды. Барлық өзгеріс футболшылар мен жанкүйерлер үшін барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Жақында 15 гектар аумақта футбол академиясын салу жоспарланып отыр. Оның құрамында 5 мың көрерменге арналған жабық манеж болады, — деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік парақшасында.


Жаңартылған стадионда алғашқы ойын бүгін сағат 15.00-де өтеді. «Қызылжар» футбол клубы «Ұлытау» клубымен ойнайды. Реконструкциядан кейінгі алғашқы матчқа кіру тегін болмақ.
Бұған дейін Ақтөбеде 35 мың орындық стадион салынатындығын жазған едік.