Петропавлда газ жарылып, бойжеткен жарақаттанды
Оқыс оқиға көп қабатты үйлердің бірінде күндізгі үштер шамасында болған. Қыздың туыстарының сөзіне қарағанда, көрші келіншек үйдің кіреберісінде газдың исін сезіп, есіктің қоңырауын шалады. Сол кезде ауамен араласқан газ жарылып, пәтер ішіндегі Кристина Гартнер күйіп қалады.
«1994 жылы туған қыздың денесінің, тыныс жолдарының 80%-ін 2-ші дәрежедегі күйік шалған. Оқиға орнына Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстар» ММ бөлімшелері, СҚО ТЖД жедел тобы жіберілді», - деп мәлімдеді баспасөз қызметіндегілер.
Тиісті органдар оқиға себептерін анықтап жатыр. Бойжеткен жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы ауыр. №3 қалалық аурухананың жансақтау бөлімінің меңгерушісі Дмитрий Флерко қызға қажетті барлық медициналық көмек көрсетіліп жатқандығын айтты.
Кристинаның жақындары қаржы жинау акциясын бастап жіберді, оның дәрі-дәрмегіне күн сайын 17 мың теңге қажет.