Петропавлда газгольдер жарылып, үш адам ауруханаға түсті

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда газды толтыру барысында газгольдер жарылды.

Петропавлда газгольдер жарылып, үш адам ауруханаға түсті

Салдарынан үш жұмысшы зардап шекті, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

СҚО ТЖД баспасөз қызметінен мәлім еткендей, сағат 16.11-де Борки кентінің Зеленая көшесінде газгольдердің жарылғандығы туралы хабар келіп түсті. Құтқарушылар оқиға орнына 7 минутта жетті. Газгольдер 1 шаршы метр аумақта лаулап жанып жатты.

«Өрт сағат 16.54-те ауыздықталып, 17.06-да толығымен жойылды. Жалынның тұрғын үйге және жақын маңда орналасқан орманға жайылуына жол берілмеді», - деп хабарлады СҚО ТЖД баспасөз қызметінің бас маманы Евгений Журавлев.

Жалынмен күреске Петропавлдың  екі өрт сөндіру бөлімінің 5 техникасы мен жеке құрамының 22 адамы жұмылдырылды.

Зардап шеккен газ компаниясының жұмысшылары 2-3-інші дәрежедегі күйік жарақаттарымен 3-қалалық аурухананың жансақтау және бет-жақсүйек бөлімдеріне жеткізілді.